
Ескірмейтін әңгіме
Әке мен бала жайында.
Сөз емес босқа айтылған
Перзентім, сен де пайымда.
Бір жігіттің үйленіп,
Ұл өсірген кезі екен,
Отбасының кетірген
Берекесін сөз екен.
Жақтырмай қайын атасын
Жамандайды әйелі
Күйеуіне қуғызып,
Жіберуден дәмелі.
Қарт әкеге күн бермей,
Жалған сөз де тереді.
Құлағының етін жеп,
Күйеуін мүжи береді.
Қимай туған әкесін
Қиналып сорлы баласы,
Әйелімен ұрыстың
Жиілей берді арасы.
От пен судың ортасын
Тұрақтап жігіт күн кешті.
Ызыңдаған әйелдің,
Сөзінен зардап мұң кешті.
Ажырасып кетуге,
Баласын жетім етуге,
Жігіттің дәті бармады
Бойдақ болып өтуге.
Ызаланған әйелі
Шартын айтты еріне
Кетпесе әкең бұл үйден,
мен кетем деп еліме.
Ушықтырып жанжалды,
Жан алқымнан алады.
Ғашығының сөзіне
Амалсыз жігіт нанады.
Таудағы жаман күркесі
Аң аулаған кездегі
Есіне түсіп, әкесін
Апаруды көздеді.
Баласының бұл ойын
Әкесі бірақ сезбеді.
Кіргенде суық күркеге
Мұз қатты жастан көздегі.
Еріп келген немерем
Көрмесін деп көз жасын.
Күңіреніп жатты, күйзеліп
Қолымен бүркеп көз, басын.
Тісі тимей тісіне
Сақылдап жаурай бастады.
Баласына мұң шағып,
Жұмған аузын ашпады.
Қоштасарда әкенің
Төсегіне еңкейіп,
Күйзелді ұлы қия алмай
Күйіктен іші өртеніп.
Қабырғасы сөгіле,
Еңкілдеді егіле.
Баласын ертіп сонан соң
Кете берді жөніне.
Әкесінің ісіне
Таңырқай сәби тіл қатты
«Қалдырдың неге атаны?»
деп, бұрыла үн қатты.
- Қалауы деп анаңның
Әкесі айта алмады.
Осы сәтте баласы
Сөзін қайта жалғады,
Қартайғаныңда сені де,
Мен де алып келем бе,
Осы жерге тастауға,
Сүйікті әкем, - дегенде,
Түршігіп жаны ауырып,
Алдын ойлап бүгілді
«Әкетай, әке, кешір,” деп
Күркеге қайта жүгірді.
«Жаза бастым, жаңылдым
Жан әкешім кеш,» – деді.
Жарқ етті әке жанары,
Жанғандай болып өшкені
«Тауға апарып әкемді
Кеткенім жоқ кезінде.
Қайтып келер, балам деп
Күткен едім өзім де».
Жөнсіз бе, әлде жөнді ме
Елден шыққан әңгіме.
Ел ішінде айтылып,
Аралап жүр әлі де.
Күмәні жоқ айтылған
Әкенің сөзі орынды.
Ата-анаңды қорласаң
Қайнатар балаң сорыңды.
әке мен бала
Subscribe to:
Post Comments (Atom)

0 пікір:
Post a Comment